СУТЕГІ ҚОСЫЛҒАН ҚОҚЫС ГАЗЫНЫҢ ҚҰЙЫНДЫ ОТТЫҚТА ЖАНУ ПРОЦЕСІН ЗЕРТТЕУ
ҒұмарбекДәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті, КЕАҚ, Алматы, Қазақстан, Абай Достияров, Dias Raybekovich Umyshev et al. · Вестник Алматинского университета энергетики и связи · 2025
Ұсынылып отырған мақалада ауа ағынын бұру мүмкіндігі бар және сутегі қосылған қоқыс газын жағуға арналған жаңа оттық құрылғысын эксперименттік зерттеу нәтижелері келтірілген. Зерттеудің өзектілігі жаңартылатын энергия көздеріне көшу және қоршаған ортаға техногендік әсерді азайту қажеттілігіне негізделген. Қазіргі уақытта экологиялық таза отын түрлеріне толықтай көшу мүмкіндігінің болмауы әртүрлі отын қоспаларын, яғни өтпелі отын түрлерін пайдалануды қажет етеді. Жүргізілген зерттеу нәтижесіне сүйенсек, түрлі авторлар әр түрлі отын түрлерін қолданудың көптеген нұсқаларын зерттеген, алайда қазіргі таңдағы Қазақстан жағдайында сутегі мен қоқыс газын қолдану, біздің пікірімізше, ең қолайлы шешім болып табылады. Осы жұмыстың мақсаты – сутегі мен қоқыс газы қоспасын жаңа оттықта жағу процесін зерттеу, сондай-ақ, қалақша бұрышы мен сутегі үлесінің 〖NO〗_x, CO шығарындылары мен жалын тұрақтылығына әсерін бағалау. Мақалада қоқыс газына сутегін қосу әсерлері мен шығыс қалақшаларын реттеу арқылы ағынның бұралу дәрежесін өзгерту мәселелері қарастырылды, сондай-ақ, 〖NO〗_x және CO шоғырлануын тұрақтандыруға ерекше көңіл бөлінді. Зерттеу нәтижелері сутегінің отын құрамындағы үлесі мен ағынның бұралу дәрежесі артқан сайын 〖NO〗_x шоғырлануының өсетінін, ал CO шоғырлануы төмендейтінін көрсетті. Сонымен қатар, жүргізілген зерттеулер нәтижесінде жалынның тұрақтылығына осы екі фактордың да айтарлықтай әсер ететіні анықталды: бұралу дәрежесінің ұлғаюы рециркуляциялық аймақтың қалыптасуына ықпал етіп, отынның жану тиімділігін арттырады, ал сутегі үлесінің ұлғаюы жалын тұрақтылығын жақсартады. Жалпы, жүргізілген зерттеу нәтижелері сутегін қосу және бұралу дәрежесін реттеу оттық құрылғыларында қолдануға болатындығын көрсетеді.
Cited by 0 works. doi:10.51775/2790-0886_2025_68_1_27