САУЫН СИЫРЛАРЫНЫҢ ЭКСТЕРЬЕРЛІК КӨРСЕТКІШТЕРІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ СҮТ ӨНІМДІЛІКТЕРІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Д. Е. Төлеуова, Г. Х. Нуржанова, Нусупов А.М. · Bulletin of Toraighyrov University Chemistry & Biology series · 2025
Бұл мақалада зерттеу нысаны ретінде Абай облысы, Бесқарағай ауданында орналасқан «Калиханұлы» шаруа қожалығында өсірілетін қара-ала тұқымды сиырлары алынды. Жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмысында аталған тұқымды сиырларды голштин тұқымды бұқалармен будандастыру нәтижесінде алынған тұмса сиырлардың экстерьерлік көрсеткіштерінің сипаттамаларына байланысты сүт өнімділігіне әсері зерттеліп талдау жасалған.. Талдау нәтижелері бойынша, қара-ала сиырларды голштин бұқаларымен будандастыру арқылы алынған ұрпақтардың дене бітімі бойынша көрсеткіштері бастапқы қара-ала тұқымды құрдастарына қарағанда едәуір жоғары нәтижені көрсеткен. Әсіресе, желін құрылымындағы айырмашылықтар айқын байқалды: будан малдардың желін орамының орташа өлшемі 6 см-ге немесе 5,5 %-ға үлкен болып, бұл желін енінің де орта есеппен 2 см-ге немесе 6,8 %-ға ұлғаюына ықпал еткен. Сиырлардың сүт өнімділігі тұрғысынан алғанда, 305 күндік бірінші лактация кезеңінде будан сиырлар қара-ала тұқымды құрдастарынан орта есеппен 810 кг немесе 17,8 %-ға артық сүт берген. Сонымен қатар, олардың сүтіндегі майлылық 0,02 %-ға, ал ақуыз мөлшері 0,01 %-ға жоғары болған. Жалпы қорытынды ретінде, қара-ала сиырларды голштин бұқаларымен будандастыру олардың экстерьерлік сапаларын жақсартып, сауым маусымында алынатын сүт көлемін арттыруға оң әсер ететіндігі анықталды. Кілтті сөздер: экстерьер, сүтті сиырлар, будандастыру, сауым маусымы, сүт өнімділігі, дене өлшемдері
Cited by 0 works. doi:10.48081/rgwg2720 Open-access PDF