МАШИНАЛЫҚ ОҚЫТУ ӘДІСТЕРІ НЕГІЗІНДЕ СУДЫҢ САПАСЫН БОЛЖАУ: ДЕРЕКТЕРДІ ӨҢДЕУ ЖӘНЕ МАШИНАЛЫҚ ОҚЫТУ МОДЕЛЬДЕРІН САЛЫСТЫРМАЛЫ БАҒАЛАУ
Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Алматы, Қазақстан, Zhandos Dosbayev, Yeldos A. Altay et al. · Вестник Алматинского университета энергетики и связи · 2025
Зерттеу жұмысында машиналық оқыту әдістерін қолдану арқылы, судың ішуге жарамдылығын болжау тапсырмасы қарастырылады. Аталған мәселе қазіргі уақытта қоршаған ортаның ластануы мен халықтың денсаулығын қорғауда өзекті бағыттардың бірі болып табылады. Жұмыстың жаңалығы судың ішуге жарамдылығын болжауға арналған машиналық оқыту модельдерін құру болып табылады. Машиналық оқыту модельдерін оқыту үшін судың физика-химиялық өлшемдерінен тұратын жалпы қолданыстағы water quality дерекқоры пайдаланылады. Дерекқорды алдын ала өңдеу сатысында дерекқордағы бос қалған мәндерді толтыру, белгілерді нормализациялау және категориялар бойынша деректерді цифрлық форматқа түрлендіру, сонымен қатар деректерді тазарту жүргізіледі. Белгілер мен болжамдық айнымалы арасындағы корреляцияны анықтау үшін деректерді зерттеу анализі (EDA) жүргізіледі. Дерекқордағы белгілерді қолдана отырып жаңа белгілер алынады, ең маңызды ақпараттық мазмұнға ие белгілер анықталады. Машиналық оқыту модельдерін құру үшін келесі алгоритмдер қолданылады: логистикалық регрессия, кездейсоқ орман (Random forest), тірек векторлық әдіс (SVM), K-жақын көршілер (KNN), шешім ағашы (Decision tree) және XGBoost. Модельдердің сапасын бағалау үшін дәлдік, толықтық, F1-бағалау көрсеткіштері қолданылды, сонымен қатар шатастыру матрицалары (Confusion Matrix) құрылды. Алынған нәтижелер бойынша ең жоғары дәлдікті XGBoost 81%, Random forest 79% көрсетті, ал ең төменгі дәлдік KNN 65%, ал SVM дәлдігі 69% құрағанымен, ішуге жарамсыз суды болжауда басымдылық көрсетті. Бұл зерттеу жұмысы судың сапасын болжау үшін тиімді машиналық оқыту алгоритмдерін анықтап, олардың артықшылықтары мен кемшіліктерін салыстыруға мүмкіндік береді. Ұсынылған тәсіл қоршаған ортаны мониторингтеуде, тұрмыстық және өндірістік қажеттіліктерде су сапасын бақылау жүйелерін жетілдіруде қолданылуы мүмкін.
Cited by 0 works. doi:10.51775/2790-0886_2025_70_3_151