ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ СПОРТПЕН АЙНАЛЫСУЫНА ӘСЕР ЕТЕТІН МОТИВАЦИЯЛЫҚ ФАКТОРЛАР: ӘЛЕУМЕТТАНУЛЫҚ ТАЛДАУ
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, N.Zh. Tleuova, Ж.У. Аширова et al. · 2025
Елімізде соңғы онжылдықтарда жасөспірімдердің өмір салты айтарлықтай өзгеріске ұшырап, физикалық белсенділік деңгейі төмендеп, салдарынан олардың аз қозғалуға әкелетін өмір салтының қалыптасуына алып келді. Жасөспірімдердің физикалық белсенділігі мен спортқа қызығушылығын арттыру болашақта халықтың салауатты өмір салтын қалыптастырумен халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді. Зерттеудің мақсаты – жасөспірімдердің спортпен айналысуына әсер ететін мотивациялық факторлардың гендерлік ерекшеліктерін анықтау. Мақалада жастарды спортпен айналысуына әсер ететін мотивтерді зерттеу үшін Астана қаласының 13–17 жас аралығындағы (N=300) мектеп оқушылары арасында сауалнама жүргізілді. Зерттеу нәтижесі бойынша жасөспірімдердің спортқа қызығушылықтарына әсер ететін негізгі фактор ретінде ата-аналар екені анықталды. Зерттеу мәліметтеріне сәйкес, жастардың физикалық белсенділігіне кері әсер ететін факторлар жекелік, әлеуметтік-экономикалық және географиялық болып жіктеледі. Гендерлік ерекшелік бойынша қыз балаларда басты кедергі – сабақтан шаршау, жалқаулық, бос уақыттың шектеулігі болса, ер балалар үшін жалқаулық пен шаршау болды. Жасөспірімдердің мотивациялық факторларын талдау негізінде спортпен айналысуына физикалық, психологиялық және эмоционалды факторларды ескерудің маңыздылығы анықталды. Жалқаулық, шаршаңқылық, қызығушылықтың болмауы сияқты мінез-құлықтармен күресудің жолдары ретінде ата-аналармен бірге салауатты өмір салтын насихаттау, еліміздің әр өңірінде мемлекеттік «Damubala» сияқты тегін спорттық үйірмелер мен секция түрлерін кеңейту және оларды әрі қарай қаржыландыру, сондай-ақ медиа мен әлеуметтік желілерде спортта жетістікке жеткен тұлғалар бейнесін кеңінен насихаттау ұсынылады. Жасөспірімдердің спортпен айналысу мотивтерін және олардың спортқа қызығушылықтарының артуына әсер ететін негізгі факторларды анықтау жасөспірімдердің физикалық белсенділігін дамыту бойынша тиімді ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді.
Cited by 0 works. doi:10.51889/2959-6270.2025.92.4.001 Open-access PDF