ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫН ҰЛТТЫҚ-МЕМЛЕКЕТТІК МЕЖЕЛЕУ САЯСАТЫ:СЕБЕПТЕРІ МЕН САЛДАРЫ
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік Университеті, Kanat Kaldybekovich Bazarbayev, А.О. Мукашева et al. · 2025
Мақалада 1920–1930-жылдары Кеңес үкіметінің ұлттық саясаты аясында Орталық Азиядағы түркі халықтарын ұлттық-мемлекеттік межелеу саясаты қарастырылады. Автор түркі халықтарының біртұтас мәдени-этникалық кеңістігін жеке ұлттық республикаларға бөлуге алып келген тарихи және идеологиялық алғышарттарды талдайды. Большевиктік биліктің бұл саясаттағы негізгі мақсаты – өңірге бақылау орнату, пантүркізм мен панисламизм қозғалыстарын әлсірету және формалды түрде тең құқықты, бірақ орталыққа бағынатын ұлттық құрылымдарды қалыптастыру болғаны көрсетіледі. Межелеу дәстүрлі этносаралық қарым-қатынастарды бұзып, этникалық өзіндік сана-сезімнің күшеюіне, әсіресе шекаралық аймақтарда этникалық шиеленістер мен дағдарыстардың туындауына жол ашты. Кеңес дәуірінде белгіленген әкімшілік шекаралар кейінірек тәуелсіз мемлекеттердің мемлекеттік шекарасына айналып, посткеңестік кезеңде территориялық даулар мен этносаралық келіспеушіліктерге себеп болды. Мақалада межелеуден туындаған туыстас халықтар арасындағы тарихи байланыстардың үзілуі, жасанды этникалық бірегейліктердің қалыптасуы, бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан аумақтық даулар мен этникалық келіспеушіліктер мәселелері талданады. Сонымен қатар, ұлттық-аумақтық межелеудің қазіргі тәуелсіз Орталық Азия мемлекеттерінің шекараларының қалыптасуына әсері зерттеледі. Архивтік деректер мен заманауи зерттеулерге сүйене отырып, автор межелеудің КСРО-ның отарлық басқару стратегиясының маңызды бөлігі болғанын дәлелдейді. Бұл жұмыс тарихшыларға, саясаттанушыларға және өңірді зерттеушілерге арналған.
Cited by 0 works. doi:10.51889/2959-6017.2025.87.4.014 Open-access PDF