ТҰЗДЫ КӨЛДЕР МАҢЫНДАҒЫ ТОПЫРАҚТАРДЫҢ ТҰЗДАНУ ДЕҢГЕЙІНІҢ САЛЫСТЫРМАЛЫ СИПАТТАМАСЫ (ҚАЗАҚСТАН МЫСАЛЫНДА)

Асанәлі Қабдулмәжитұлы, Асель Кабдыгалиевна Мурзалимова⃰, Жанар Рахымжан et al. · CyberLeninK (CyberLeninka)

Бұл зерттеу Қазақстанның Абай, Шығыс Қазақстан облыстарында орналасқан Керуенкөл, Сор және Шошқалы көлдері маңындағы топырақтардың тұздану деңгейін және олардың физика-химиялық қасиеттерін салыстырмалы түрде бағалауға арналған. Зерттеу барысында топырақтың реакциясы (pH), электр өткізгіштігі (EC), негізгі суға еритін катиондар мен аниондардың (Na⁺, K⁺, Cl⁻, SO₄²⁻) концентрациялары анықталды, сондай-ақ аниондық құрам негізінде топырақтың тұздану типі жіктелді. Зерттеу нәтижелері бойынша барлық үш учаскеде топырақтар сілтілі реакциямен сипатталды (pH = 8,0–8,8). Электр өткізгіштік мәндері 7,5–13,2 дС/м аралығында өзгеріп, топырақтардың орташа және күшті тұзданған санаттарға жататынын көрсетті. Натрий, хлорид және сульфат иондарының жоғары концентрациялары анықталды: Na⁺ – 1750–3600 мг/кг, Cl⁻ – 1300–2700 мг/кг, SO₄²⁻ – 600–1200 мг/кг. Топырақтың аниондық құрамын Н.И. Базилевич пен Е.И. Панковая ұсынған жіктеу әдісі бойынша талдау Cl⁻:SO₄²⁻ қатынасының 2,17–2,47 аралығында екенін көрсетті, бұл барлық зерттелген учаскелердің сульфатты-хлоридті тұздану типіне жататынын дәлелдейді. Шошқалы учаскесіндегі көрсеткіштің салыстырмалы түрде төмен болуы оның хлоридті типке жақын өтпелі сипатқа ие екенін көрсетеді. Алынған нәтижелер зерттелген аумақтардың табиғи солончактық ландшафттарға тән жоғары тұздану деңгейімен, сілтілі реакциямен және улы тұздардың басым болуымен ерекшеленетінін көрсетеді. Бұл деректер Қазақстанның тұзданған жерлерін бағалау, топырақ деградациясын болжау және жер ресурстарын тиімді басқару үшін маңызды ғылыми негіз болып табылады

Cited by 0 works. Open-access PDF

Authors