СТАЦИОНАР ЖАҒДАЙЫНДА РЕЗЕРВТІК АНТИБИОТИКТЕРДІ ҚОЛДАНУ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ АНТИМИКРОБТЫҚ РЕЗИСТЕНТТІЛІКТІҢ ҚАЛЫПТАСУЫМЕН БАЙЛАНЫСЫ. ӘДЕБИЕТКЕ ШОЛУ

Атымтайқызы Әсем, Мойынбаева Шарапат Марқашқызы, Асан Маздақ Асқарұлы et al. · CyberLeninK (CyberLeninka) · 2026

Өзектілігі. Антимикробтық резистенттілік (АМР) жаһандық қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы ең өзекті қауіптердің бірі болып қала береді және ол көбінесе антибиотиктерді, әсіресе стационар жағдайында, ұтымсыз қолданумен байланысты. Мультирезистентті қоздырғыштар тудыратын инфекцияларды емдеуге арналған Reserve санатындағы антибиотиктерді қолдану ерекше алаңдаушылық тудырады, себебі олардың негізсіз пайдаланылуы резистенттіліктің қалыптасуын жеделдетіп, болашақтағы терапиялық мүмкіндіктерді шектейді. COVID-19 пандемиясы антибиотиктерді ұтымды пайдалану мен инфекциялық бақылау саласындағы бұрыннан бар проблемаларды ушықтырып, қазіргі антибиотикотерапия үлгілерін және олардың АМР-мен байланысын талдаудың маңыздылығын арттырды. Зерттеу мақсаты. Стационар жағдайында антибиотиктерді, оның ішінде Reserve санатындағы препараттарды қолдануды талдау және олардың жаһандық деңгейде және Қазақстан Республикасында антимикробтық резистенттіліктің қалыптасуымен байланысын бағалау. Материалдар мен әдістер. PRISMA-2020 ұсынымдарына сәйкес құрылымдалған іздеу элементтерімен сипаттамалық, жүйеленбеген әдеби шолу жүргізілді. Библиографиялық іздеу PubMed, Web of Science және Google Scholar дерекқорларында, сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ), CDC, ECDC материалдары мен Қазақстан Республикасының ұлттық регуляторлық құжаттары негізінде орындалды. 2019–2024 жылдар аралығындағы жарияланымдар, эпидемиологиялық қадағалау жүйелерінің есептері және антибиотиктерді тұтынудың сандық көрсеткіштерін (DDD, DID, AWaRe жіктемесі) және/немесе басым бактериалдық қоздырғыштар бойынша АМР деректерін қамтитын регуляторлық құжаттар талдауға енгізілді. Деректерді нарративті синтездеу әдісі қолданылды; формальды мета-талдау жүргізілген жоқ. Қорытынды талдауға 29 дереккөз енгізілді. Нәтижелер. Жаһандық деңгейде пандемияға дейінгі кезеңде антибиотиктерді тұтынудың тұрақты өсуі анықталды, ал 2020–2021 жылдары Watch санатындағы антибиотиктерге қарай тағайындау құрылымының айқын ығысуы байқалды. Стационар жағдайында пандемия антибиотиктердің кең спектрлі эмпириялық қолданылуының кеңеюімен және медициналық көмек көрсетуге байланысты инфекциялардың артуымен қатар жүрді. Пандемиядан кейінгі кезеңде антибиотиктерді жалпы тұтыну көлемі ішінара тұрақтанғанымен, көптеген елдерде, соның ішінде Қазақстан Республикасында, Access санатындағы антибиотиктердің үлесі ұсынылатын деңгейден төмен болып қалды, ал Watch және Reserve санаттарындағы антибиотиктерді қолдану өсім үрдісін көрсетті. Сонымен қатар Escherichia coli, Klebsiella pneumoniae және метициллинге төзімді Staphylococcus aureus (MRSA) сияқты басым бактериалдық қоздырғыштар арасында антимикробтық резистенттіліктің жоғары деңгейі сақталды. Қорытынды. Зерттеу нәтижелері стационар жағдайында антибиотиктерді қолдану құрылымында қолайсыз өзгерістердің бар екенін және олардың антимикробтық резистенттіліктің тұрақты жоғары деңгейімен қатар жүретінін көрсетті. Watch және Reserve санатындағы антибиотиктерді негізсіз кеңінен қолдану олардың тиімділігін жоғалту қаупін арттырады. Алынған деректер антимикробтық стюардшип бағдарламаларын күшейтудің, Access санатындағы антибиотиктерді басым қолдануды қалпына келтірудің және АМР қадағалау жүйелерін дамытудың постпандемиялық кезеңде денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын арттырудағы маңызын айқындайды.

Cited by 0 works. doi:10.24412/1609-8692-2026-1-62-75 Open-access PDF

Authors