ЖЕДЕЛ КАЛЬКУЛЕЗДІ ХОЛЕЦИСТИТТЕ МИНИМАЛДЫ ИНВАЗИВТІ ЖӘНЕ ДӘСТҮРЛІ ХИРУРГИЯЛЫҚ ЕМНІҢ САЛЫСТЫРМАЛЫ ТИІМДІЛІГІ
ДОСЖАНОВ НАРИМАН САПАРАЛИЕВИЧ, ДОСЖАНОВА АДИЛИЯ НАРИМАНОВНА, ЖОРАБЕК САЯ БАУЫРЖАНҚЫЗЫ et al. · Zenodo (CERN European Organization for Nuclear Research) · 2026
ӨЗЕКТІЛІГІ: Жедел калькулезді холецистит - өт-тас ауруының ең жиі асқынуларының бірі болып табылады және қазіргі таңда жедел хирургиялық патологиялар арасында маңызды орын алады [1]. Соңғы ірі мета-талдауларға сәйкес, әлемде өт-тас ауруының таралуы шамамен 6,1% құрайды, ал бұл патологияның жиілігі жас ұлғаюымен және әйелдер арасында айтарлықтай жоғарылайтыны көрсетілген [2]. Жедел калькулезді холецистит хирургиялық стационарларға түсетін науқастардың басым бөлігін құрап, жедел хирургиялық патологиялардың үштен бірін құрайды, бұл оның клиникалық және әлеуметтік маңыздылығын арттырады [3]. Қазіргі таңда емдеудің «алтын стандарты» ретінде лапароскопиялық холецистэктомия ұсынылғанымен, оның орындалу уақыты, тиімділігі және ашық хирургиямен салыстырғандағы артықшылықтары әлі де талқылануда [4]. Зерттеулер көрсеткендей, ерте кезеңде жасалған лапароскопиялық операциялар ауруханада жату ұзақтығын қысқартып (шамамен 4,9±1,6 күн/6,9±1,7 күн), операция уақытының азаюына және асқынулар жиілігінің төмендеуіне ықпал етеді [5]. Ауыр түрдегі жедел калькулезді холецистит кезінде консервативті немесе альтернативті ем тактикалары қолданылған жағдайда қайталама билиарлы асқынулардың жиілігі 50%-дан астамға жететіні және ұзақ мерзімді өлім көрсеткіштері жоғары болатыны байқалған [7]. Осыған байланысты, жедел калькулезді холециститте минималды инвазивті және дәстүрлі хирургиялық ем әдістерінің салыстырмалы тиімділігін жан-жақты зерттеу клиникалық тәжірибені оңтайландыру және ем нәтижелерін жақсарту үшін өзекті болып табылады. ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСЫНЫҢ МАҚСАТЫ: Жедел калькулезді холецистит кезінде минималды инвазивті және дәстүрлі хирургиялық емдеу әдістерінің салыстырмалы тиімділігін бағалау және олардың негізінде клиникалық тұрғыдан тиімді хирургиялық ем тактикасын анықтау. ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСЫНЫҢ МІНДЕТТЕРІ: 1. Жедел калькулезді холециститті хирургиялық емдеудің минималды инвазивті және дәстүрлі әдістеріне заманауи әдебиеттерге жүйелі шолу жүргізу. 2. Клиникалық жағдайларды ретроспективті талдау арқылы минималды инвазивті және дәстүрлі әдістердің ерте және кеш нәтижелерін бағалау. 3. Алынған деректер негізінде минималды инвазивті және дәстүрлі хирургиялық емдеу әдістерінің тиімділігіне салыстырмалы талдау жасау. 4. Жедел калькулезді холециститте қолданылатын хирургиялық ем әдістерінің тиімділігін негізгі клиникалық көрсеткіштер бойынша (асқынулар жиілігі, госпитализация ұзақтығы, өлім-жітім) анықтау.
Cited by 0 works. doi:10.5281/zenodo.19977522