ЖҮРЕКТІҢ ИШЕМИЯЛЫҚ АУРУЫ БАР НАУҚАСТАРДА СТАТИН ТЕРАПИЯСЫНЫҢ ЛИПИДТІК ПРОФИЛЬГЕ ӘСЕРІ ЖӘНЕ ЕМГЕ БЕЙІМДІЛІККЕ ӘЛЕУМЕТТІК ДЕТЕРМИНАНТТАРДЫҢ ЫҚПАЛЫ
СМАГУЛОВА АЛИЯ БОЛАТОВНА, ЖОРАБЕК САЯ БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, АЛЫБАЙ АҚНИЕТ БЕРЕНҚЫЗЫ et al. · Zenodo (CERN European Organization for Nuclear Research) · 2026
Аннотация. Өзектілігі. Жүректің ишемиялық ауруы (ЖИА) әлем бойынша өлім-жітімнің жетекші себептерінің бірі болып табылады. ЖИА дамуында дислипидемия маңызды рөл атқарады, сондықтан липидтік профильді түзетуде статин терапиясы кеңінен қолданылады. Алайда емнің тиімділігі тек препарат әсеріне ғана емес, науқастардың емге бейімділігіне және әлеуметтік факторларға да байланысты. Мақсаты. Жүректің ишемиялық ауруы бар науқастарда статин терапиясының липидтік профиль көрсеткіштеріне әсерін бағалау және емге бейімділікке әлеуметтік детерминанттардың ықпалын анықтау. Материалдары мен әдістері. Зерттеу ретроспективті талдау түрінде жүргізілді. 2019-2025 жылдар аралығында Алматы қаласындағы Орталық клиникалық ауруханада стационарлық ем қабылдаған ЖИА диагнозы бар 125 науқастың медициналық құжаттары зерттелді. Науқастардың клиникалық-демографиялық деректері, липидограмма көрсеткіштері, статин түрлері мен дозалары, сондай-ақ емге бейімділікке әсер ететін әлеуметтік факторлар талданды. Нәтижелері. Зерттелушілердің орташа жасы 66,4±3,79 жас болды, ерлер үлесі - 62,4%. Артериялық гипертензия 66,4% жағдайда анықталды. Статин терапиясы нәтижесінде жалпы холестерин 2,3%-ға, төмен тығыздықтағы липопротеидтер 0,5%-ға төмендеді, триглицеридтер 35%-ға азайды, ал жоғары тығыздықтағы липопротеидтер 22%-дан астам жоғарылады. Ең жоғары гиполипидемиялық әсер розувастатинде байқалды. Емге жоғары бейімділік 62,4% науқаста анықталды. Әйел жынысы, 40-69 жас аралығы, жоғары білім деңгейі және тұрақты әлеуметтік жағдай емге бейімділікке оң әсер етті. Қорытынды. ЖИА бар науқастарда статин терапиясы липидтік профиль көрсеткіштерін жақсартуда тиімді екені дәлелденді. Сонымен қатар емнің нәтижелілігіне әлеуметтік факторлар айтарлықтай ықпал етеді. Сондықтан науқастардың әлеуметтік ерекшеліктерін ескере отырып, емге бейімділікті арттыруға бағытталған жеке тәсілдерді енгізу қажет.
Cited by 0 works. doi:10.5281/zenodo.19977620