Морбидті семіздігі бар ерлердің репродуктивтік функциясына салмақ тастау мен бариатриялық метаболикалық операцияларының әсері: әдебиетке шолу
Е.Ж. Конакбаев, У Ж Жанбырбекулы · Репродуктивная медицина (Центральная Азия) · 2026
Өзектілігі: Бариатриялық метаболикалық операциялар салмақты азайтуда және метаболикалық көрсеткіштерді жақсартуда тиімді әдіс ретінде дәлелденген. Сонымен қатар, операциядан кейін тестостерон деңгейінің жоғарылауы және эректильді функцияның жақсаруы жиі байқалады. Алайда сперматогенезге әсері жөніндегі мәліметтер біркелкі емес және қайшылықты сипатта. Кейбір зерттеулер оң динамиканы көрсетсе, басқалары өзгеріссіз немесе уақытша нашарлауды сипаттайды. Осыған байланысты қазіргі әдебиеттерді жүйелеу және сыни талдау жүргізу қажеттілігі туындайды. Зерттеудің мақсаты – морбидті семіздігі бар ерлерде салмақ жоғалтудың және бариатриялық метаболикалық операциялардың гормондық профильге, эректильді функцияға және спермограмма параметрлеріне әсері туралы соңғы 10 жылдағы деректерді жүйелеу және сыни талдау. Материалдар және әдістер: Зерттеу әдеби шолу форматында жүргізілді.Іздеу PubMed, MedLine және Embase дерекқорларында 2015-2025 жылдар аралығында жарияланған мақалалар бойынша жүзеге асырылды. Қолданылған негізгі кілт сөздер: «ерлер семіздігі», «бариатриялық хирургия», «сперматогенез», «ерлер фертильдігі», «жыныстық гормондар» терминдерін қолданып іздеу арқылы жүргізілді. Нәтижелер: Зерттеулердің басым бөлігінде жалпы тестостерон деңгейінің жоғарылауы,тестостеронның артуы, эстрадиол деңгейінің төмендеуі, гипоталамо-гипофизарлы-гонадалық осьтің қалпына келуі байқалады. Ал эректильді функцияға әсері халықаралық эректилді функция индексі (ХЭФИ) шкаласы бойынша айқын жақсаруы көптеген зерттеулерде дәлелденген. Сперматогенезге әсері біркелкі емес. Кейбір зерттеулерде айқын өзгерістер анықталмаған, ал кейбірінде сперма концентрациясы мен морфологиясының уақытша төмендеуі тіркелген.Сонымен қазіргі мета-анализдер сперма сапасының тұрақты жақсаруы туралы мәліметтер бермейді. Қорытынды: Салмақ тастау хирургиясы ем ретінде тиімді, эректильді функцияны жақсартуға және жыныс гормондарының балансын қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Спермограмма параметрлеріне әсері бойынша деректер қайшылықты, мәліметтер жеткіліксіз. Операциядан кейінгі ерте кезеңде спермограмманың уақытша нашарлауы мүмкін. Болашақта семіздікке байланысты ерлердің репродуктивтік бұзылыстарының күрделі патофизиологиясын оңтайландырылған хирургиялық әдістерінен кейінгі, бағытталған ұзақ мерзімді, ірі проспективті зерттеулер қажет. Перспективті бағыт ретінде жаңа модификацияланған бариатриялық операцияларды, соның ішінде FundoRing әдісін зерттеу маңызды. Бұл зерттеулердің басты мақсаты – операциядан кейінгі пациенттерде денедегі қоректік заттар мен микронутриенттердің деңгейіне әсерін бағалау, сондай-ақ сперматогенезді және жалпы репродуктивті функцияны анықтау.Клиникалық тұрғыда репродуктивті жастағы семіз ерлерге операция алдында фертильділікті бағалау және сперма криоконсервациясын қарастыру ұсынылады.
Cited by 0 works. doi:10.37800/rm.2.2026.668 Open-access PDF