Жамбыл облысы халқының туберкулез жайлы хабардарлық деңгейін бағалау: Сауалнама нәтижелері

Nuray Sarsembekova, А.К. Беисбекова, Байсынов Н. Б. · CyberLeninK (CyberLeninka)

Зерттеудің мақсаты – сауалнама нәтижелері негізінде Жамбыл облысы тұрғындарының туберкулез туралы хабардарлық деңгейін сандық көрсеткіштермен бағалау және оның әлеуметтік-демографиялық факторлармен байланысын анықтау. Жалпы саны 615 респонденттің қатысуымен құрылымдық сауалнама арқылы көлденең кесінділі сипаттамалық зерттеу жүргізілді. Айнымалылар арасындағы байланыстарды анықтау үшін Пирсон χ² критерийі және номиналды ассоциация өлшемдері қолданылды. Респонденттердің көпшілігі әйелдер (82,0%) және қала тұрғындары (55,1%) болды. Туберкулез туралы жалпы ақпарат деңгейі жоғары болды (96,1%). Көпшілігі (79,8%) ауа арқылы берілуін дұрыс анықтады, бірақ кейбір қате түсініктер сақталды: 7,0% – қан арқылы, 4,6% тағам немесе су арқылы беріледі деп есептеді. Барлық негізгі симптомдарды тек 42,1% ғана анықтады, ал 76,9% туберкулез емделетінін білді. Ақпараттың негізгі көздері интернет/әлеуметтік желілер (46,7%) және денсаулық сақтау қызметкерлері (41,8%) болды. Білім деңгейі мен туберкулездің берілу жолдары туралы ақпарат арасындағы статистикалық маңызды, бірақ әлсіз байланыс анықталды (χ²=25,744; p=0,041; η=0,171). Жалпы ақпарат деңгейі жоғары болғанымен, туберкулез берілу жолдары туралы қате түсініктер сақталуда. Бұл нәтижелер аймақтық денсаулық білімін арттыру және туберкулездің алдын алу үшін мақсатты коммуникациялық стратегияларды әзірлеу қажеттілігін көрсетеді.

Cited by 0 works. Open-access PDF

Authors