Ересек халық арасында ауруханадан тыс пневмонияға қатысты білім, көзқарас және тәжірибелік мінез-құлық деңгейін бағалау: Көлденең қималы зерттеу

Anel Shadibek, Камалбекова Гульнара Маратовна, А З Мусина et al. · CyberLeninK (CyberLeninka)

Ауруханадан тыс пневмония (АТП) – тыныс алу жүйесінің кең таралған инфекцияларының бірі, оны алдын алу шаралары (вакцинация, гигиена, дер кезінде медициналық көмекке жүгіну) халық денсаулығы үшін маңызды. Мақсаты. Астана қаласының ересек тұрғындары арасында АТП-ға қатысты Білім–Көзқарас–Тәжірибелік мінез-құлық (БКТ) деңгейін бағалау және БКТ компоненттерінің өзара байланысын анықтау. Әдістері. 182 ересек тұрғын қамтылған көлденең қималы зерттеу жүргізілді. Құрылымдалған сауалнама әлеуметтік-демографиялық деректерді, денсаулық жағдайын, вакцинация мәртебесін және АТП-ға қатысты БКТ сұрақтарын қамтыды. Талдауда сипаттамалық статистика, Манн–Уитни U және Крускал–Уоллис тесттері, Спирман корреляциясы, көп айнымалы логистикалық регрессия және құрылымдық теңдеулер моделі (SEM) қолданылды. Нәтижелері. БКТ деңгейі жалпы алғанда орташа болды. Ерлерде көзқарас көрсеткіші жоғарырақ, әйелдерде тәжірибелік мінез-құлық көрсеткіші сәл төмен болды (p<0,05). Пневмококкқа қарсы вакцинация және созылмалы аурулардың болуы БКТ-тың жекелеген компоненттерімен байланысты болды. SEM бойынша білім көзқарасқа оң әсер етті (β=0,495; p<0,001), көзқарас тәжірибелік мінез-құлыққа оң әсер етті (β=0,612; p<0,001), ал білімнің тәжірибеге тікелей әсері маргиналды деңгейде болды (β=0,192; p=0,056). Спирман корреляциялары БКТ компоненттері арасында орташа оң байланыстарды растады (ρ=0,351–0,461; p<0,001). Қорытынды. Білім көзқарасты қалыптастыруда маңызды, ал көзқарас алдын алу мінез-құлқына күшті ықпал етеді. Білімді арттыруға бағытталған интервенциялар профилактикалық әрекеттердің жақсаруына ықпал етуі мүмкін.

Cited by 0 works. Open-access PDF

Authors