Ақтөбе облысындағы оба ошақтарының эпидемиялық әлеуетінің кейбір аспектілері

А. А. Абдирасилова, Altynai K. Kassenova, Altyn K. Rysbekova et al. · CyberLeninK (CyberLeninka)

Оба – аса қауіпті табиғи ошақты инфекция. Ақтөбе облысы аумағының жартысына жуығын – 46,24%-ын обаның табиғи ошақтары алып жатыр. Бұл өңірде, Орталық Азия шөлді ошағына қарайтын Солтүстік Арал маңы және Аралмаңы-Қарақұм дербес ошақтары шегінде тұрақты эпизоотиялық белсенділік сақталынып тұр. Ошақтарда оба қоздырғышының негізгі сақтаушысы – улкен құмтышқан болып табылады. Обаның негізгі тасымалдаушылары қатарына аумақта кең таралған X. skrjabini, C. lamellifer и N. laeviceps бүргелері жатады. Зерттеудің мақсаты: Қазақстанның энзоотиялық аймақтарында оба эпидемиологиялық әлеуетіне әсер ететін табиғи және әлеуметтік факторларды талдау, сондай-ақ климаттық құбылыстардың эпизоотиялық және эпидемиялық процестермен ықтимал байланысын бағалау. Әдістері. Зерттеу материалы ретінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау Министрлігінің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау Комитетінің «Ақтөбе обаға қарсы күрес станциясы» мұрағаттық құжаттары және әдеби деректер пайдаланылды. Талдауға климатогеографиялық мәліметтер, оба аурушаңдығы бойынша деректер және диагностикалық әдістердің ақпараттылығы енгізілді. Картографиялық, эпидемиологиялық және статистикалық әдістер қолданылды. Адамдар арасындағы оба ауруының тіркелуі және республикадағы обаның эпидемиологиялық заңдылықтарын зерделеуге арналған негізгі материалдар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ақтөбе және басқа да обаға қарсы күресу станцияларының есеп беру мәліметтері болды және Қазақстандағы оба ошақтарында эпидемияға қарсы іс-шаралардың барысы туралы Төтенше жағдайлар комиссиясының есептері, оның ішінде Ақтөбе обаға қарсы күрес станциясының мамандарының қатысумен болған екі оба ошағында жүргізілген іс-шаралардың мәліметтері қолданылды. Нәтижелер. Ақтөбе облысында аумақтың шамамен 46%-ын табиғи оба ошақтары алып жатыр, олардың ішінде дербес шөлді ошақтарда (Үстірт алды, Солтүстік-Арал маңы, Арал маңы–Қарақұм) тұрақты эпизоотиялық белсенділік сақталуда. 2021-2024 жылдар аралығында жүргізілген эпизоотологиялық зерттеу нәтижелері 2023 жылы Солтүстік Арал маңы және Арал маңы-Қарақұм ошақтарында белсенділіктің күрт өсуімен кеміргіштер популяциясында және олардың эктопаразиттерінде Yersinia pestis айналымын растады. Соңғы жылдары жоспарлы мониторингтің арқасында адамдар арасында обаға шалдығу жағдайлары тіркелген жоқ. Қорытынды. Табиғи ошақтардың белсенділігі мен климаттық аномалиялар арасындағы анықталған корреляция эпидемиологиялық қауіп-қатерлерді болжау мен профилактикалық шараларды жоспарлауда ескерілетін маңызды фактор болып табылады.

Cited by 0 works. Open-access PDF

Authors