Зависимость моторно-эвакуаторной функции желудочно-кишечного тракта и уровня гликемии у пациентов старшей возрастной группы с сахарным диабетом 2 типа при эндопротезировании суставов
В.С. Сирота, C.И. Кирилина, Сирота Галина Геннадьевна et al. · Traumatology and Orthopаedics of Kazakhstan · 2022
Зерттеудің мақсаты: 2 типтік қант диабетімен ауыратын геронтологиялық науқастарда эндопротездеу кезіндегі асқазан-ішек жолдарының моторлық-эвакуациялық қызметінің бұзылуының типін, гастроэнтерологиялық синдромның клиникалық белгілерін, және осы бұзылыстардың қандағы қанттың мөлшерімен байланысын зерттеу. Әдістері. Зерттеуге қант диабетінің 2 типі бар, кокс- және гонартроздармен ауыратын, орташа 70±5,0 жасты құрайтын жалпы саны 350 науқас қатысты. Науқастарды тексерудің стандартты әдістерімен қоса гликемияның көрсеткіштерін бір мезгілде бақылауға мүмкіндік беретін компьютерлік фоноэнтерография қолданылды. Асқазан-ішек жолдарының моторлық-эвакуациялық қызметінің бұзылуының клиникалық белгілерін бағалау үшін гастроэнтерологиялық GSRS сауалнамасы мен «Созылмалы ішек жетіспеушілігі» шкаласы қолданылды. Нәтижесі. Тамақтанудың бастапқы жеткіліксіздігі 84% жағдайда байқалды, ал 16% жағдайда тамақтану жеткіліксіздігі айқын көрінді. Асқазан-ішек жолдарының дисфунциясын «Созылмалы ішек жетіспеушілігі» шкаласын қолданып бағалау нәтижесі 17±3 баллды құрады. Жалпы саны 330 (94,3%) науқаста асқазан-ішек жолдарының моторлық-эвакуациялық қызметінің бұзылуымен жүрген клиникалық маңызы бар гастроэнтерологиялық синдром анықталды. Дене салмағы индексі мен SGA (Subjective Global Assessment) «Созылмалы ішек жетіспеушілігі» шкаласының көрсеткіштерімен корреляцияланды. Яғни, дене салмағы индексінің SGA-мен өзара байланысы тіке әрі күшті (r=0,76; p=0,015) болса, оның «Созылмалы ішек жетіспеушілігі» шкаласымен өзара байланысы тіке орташа дәрежеде (r=0,57; p=0,023) болды. Сонымен қатар, SGA мен «Созылмалы ішек жетіспеушілігі» шкаласының арасында да тіке орташа (r=0,41; p=0,048) байланыс бар екендігі анықталды. Компьютерлік фоноэнтерография әдісі ішек перистальтикасының қалыпты, күшті немесе әлсіз деген үш түрін анықтады. Бұдан әрі перистальтиканың әлсіз типі бар науқастардың (n=330) мәліметтері сараланды. Гликемия деңгейі мен асқазан-ішек жолдарының перистальтикасының арасында едәуір өзара байланыс (r=0,49; р=0,019) анықталды. Асқазан-ішек жолдарының клиникалық синдромдары оның моторлық-эвакуациялық қызметінің бұзылыстарының объективті көрсеткіштері - интестинальды пик факторымен (ИПф) (r=0,6; p=0,012) және гликемия деңгейімен (r=0,54; p=0,021) корреляцияланды. Қорытынды. Асқазан-ішек жолдарының моторлық-эвакуациялық қызметінің бұзылуын бағалауда ажыратпалы әдісті қолдану, гликемия деңгейін бағалауда ұстау, нутриционды қолдау үшін арнайы қоспаларды қабылдау, жоспарлы отаға дейін гастрокинетиктермен дәрілік ем тағайындау науқастардың тобында отадан кейінгі ерте асқынулардың болу мүмкіндігін жойып, кейінгі асқынулардың туындау мүмкіндігін төмендетеді. Асқазан-ішек жолдарының қызметінің және гликемия деңгейінің тұрақтылығы қант диабетінің 2 типімен ауыратын геронтологиялық науқастардың буындарын эндопротездеуді жоспарлау мен отадан соң тез оңалуының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
Cited by 0 works.